1

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты

Мен Жастарға сенемін!» - деп ұлт жанашыры Мағжан Жұмабаев атамыз жырлағандай, ұлттық патриоттық рухымызды асқақтатып жүрген, егеменді еліміздің болашағы, елін, жерін қорғайтын жас сарбаздарымыз Кеңес Одағының батыры, генерал Сабыр Рахымов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің жас ұландары орталығымызға келіп, 6-ауысым демалушыларымен жүздесіп, ұлттық рухымызды асқақтатты.

«Жас ұлан» республикалық мектептері мемлекеттік және шетел тілдерін, әскери пәндерді тереңдетіп оқытуға және күшейтілген дене шынықтыру даярлығына арналған жалпы орта білім беретін оқу орны болып табылады.

«Жас ұлан» РМ негізгі міндеттері:

1. Әскери оқу орындарында оқыту үшін тәрбиеленушілердің жалпы орта білім алуы үшін қажетті жағдайлар жасау;

2. Ұлттық және жалпы адами қасиеттер негізінде тұлғаның қалыптасуына, дамуына және кәсіби қалыптасуына, ғылым мен практиканың жетістіктеріне бағытталған мемлекеттік және шетел тілдерін тереңдете оқыту, күшейтілген әскери, сондай-ақ дене шынықтыру даярлығы;

3. Қазақстандық патриотизмге, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу;

4. Тәрбиеленушілерде жоғары адамгершілік, моральді-еріктік және психологиялық қасиеттерді дарыту;

5. Тәрбиеленушілерді әскери оқу орындарында оқуға даярлау мақсатында әскери-кәсіптік бейімдеу.

Бұл мектептің тәрбиеленушілері республикалық масштабтағы талай сында топ жарып, облыстағы ауқымды шаралардың барлығына дерлік атсалысады.  Олардың бар арман-мақсаты – елін жаудан қорғайтын азамат атану, Қазақстан Қарулы күштерінің айбынды офицері болу. Осы мақсатта қандай қиындық кезіксе де төзуге бар. Қорғаныс саласы темірдей тәртіпті талап ететінін жанымен ұғынған. Бәрінің де кеудесінде намыс найзағайы ұшқындап тұр. Бұл жас ұландар қара қолды қақ жаратын батырлар ғана емес,  сонымен қатар, өнерлі, жан-жақты.

Міне, бүгін Отаншылдық патриотизмді дәріптеген, елін, жерін сүйетін, Отаның тарихына, мәдениетіне құрметпен қарап, келіп, өз Отанының патриоты бола білген «Жас ұлан» мектебінің өрендері бүгін балдәурендіктерге әскери-патриоттық сезімдерін арттыру мақсатында өздерінің кереметтей концерттік-қойылым бағдарламаларын көрсетті.

«Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға «Алаш» деген атты аламын.

Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!» -дей келе, жүрегі елім деп соққан  азаматтарымызға мықты денсаулық, отан қорғауда аянбай еңбек етіп, ел тыныштығын мәңгі қорғап жүре берсін деп ізгі тілек білдіреміз! Азат елдің ұландары нағыз елжанды патриот болуы тиіс!

 


Біздің серіктестер

banner
banner
banner